Сербияда жастар арасында бокстан жыл сайын Golden Glove of Vojvodina турнирі өткізіліп тұрады. «Алтын қолғап» жарысына жолы түскен жастарымыз бес алтын медаль олжалап қайтты, деп хабарлайды SportX.kz.
52 келі салмақ дәрежесіндегі финалдық сайыста румыниялық Габриэль Шиопуды ұтқан Талғат Сырымбетов тұғыр төріне көтерілді. Талғаттың жеңісті жолын аса ауыр салмақта сынға түскен Арнұр Ахметжанов жалғастырды. Арнұр ақтық бәсекеде босниялық боксшы Неманью Понорацты қапы қалдырды. Шешуші кездесуде мүлт кеткен тағы бір жерлесіміз Азат Асановтың еншісінде күміс жүлде.
Турнирдің көрігін қыздырған бұрымды қыздарымыз да алтыннан құр қалған жоқ. 75 келі салмақта Надежда Рябец топ жарса, 81 келі тартатын құрбылары арасында Гүзаль Садықованың мерейі үстем болды. Ал, 81 келіден жоғары салмақ категориясындағы финалдық жекпе-жекте Дина Исламбекова мен индиялық боксшы Неха Ядав қолғап түйістірді. Бұл бәсеке 5:0 есебімен Динаның жеңісімен аяқталды.