Өскеменде әйелдер командалары арасында волейболдан Азияның клубаралық чемпионаты мәресіне жетті. Астананың 20-жылдық мерейтойына арналған байрақты доданың бас бәйгесін тайландтық «Суприм» клубы иеленіп кетті, деп хабарлайды SportX.kz.
Алтай өңірінде бас қосқан Азияның үздік клубтары арасындағы жарыста тай елінің волейбол ұжымы топ жарды. Қарсыластарына дес бермеген «Суприм» Азияның ең мықты клубы атанса, жүлделі екінші орынға жапониялық «НЕК Ред Рокетс» клубы лайық болып шықты.Үздік үштік қатарынан біздің «Алтайға» орын тимеді. Қазақстанның үш дүркін чемпионы қола медаль жолындағы бәсекеде 2:3 есебімен Қытайдың «Цзянсу» клубына есе жіберді. Осы матчта командалас әріптестеріне үлгі бола білген Сана Анарқұлованың ойынын атап кетсек артық етпес.
Жалпы Өскеменде жалауын түсірген Азияның клубаралық чемпионатында тоғыз елдің волейбол ұжымдары бақ сынасты.
Азияның клубаралық чемпионаты. Өскемен. Қорытынды кесте.
1. «Суприм» (Таиланд)
2. «НЕК Ред Рокетс» (Жапония)
3. «Цзянсу» (Қытай)
4. «АЛТАЙ» (Қазақстан)
5. «Гаруда» (Индонезия)
6. «Пайкан» (Иран)
7. «VTV Бин Дьен Лонг Ав» (Вьетнам)
8. «CMFC» (Қытайлық Тайбей)
9. «Ланка Лайонс» (Шри-Ланка)