Альпіні бағындырған шабандоздар

«Астананың» шабандоздары екінші күн қатарынан жеңімпаз атанып отыр. Көпкүндік супервелодода «Тур де Франстың» 15-кезеңінде даниялық Магнус Корт (Astana Pro Team) топ жарды, деп хабарлайды SportX.kz.  

Биылғы гранд-турды сылбыр бастаған астаналықтар көпке дейін көптің ортасынан шыға алмай келді. Сөйтсек, команда капитаны Фульсангты жетелеген отандық клуб шабандоздары таулы кезеңдерді күткен болып шықты. Альпідегі алғашқы кезеңнің жарыс жолдары астаналықтар үшін сәтті басталды деп те айта алмаймыз. Әйтседе, өз кезегін күткен «Астананың»  биылғы көпкүндіктегі алғашқы жеңісі 14-кезеңге тура келіпті. Отандық клуб сапында өнер көрсетіп жүрген испаниялық дүлдүл Омар Фрайле, өте күрделі асулардан тұратын кезеңнің бас жүлдесін иленді. Омардың таудағы жеңісі командалас әріптестеріне қанат бітіргендей келесі күні «Астана» тағы да топ жарды. Бұл жолы даниялық шабандозымыз Магнус Корт үздік шықты. Даниялық шабандоз Орталық массивтен әрі қарай оңтүстіктегі Пиренейде жалғасын табатын  транзиттік кезеңнің жеңімпазы атанды.

Көмбеден шыққан бойда пелотон үш бірдей белесті басып өтті. Оның бірі ұзындығы 3 шақырым шығатын  үшінші категориялы Кот-де-Люзенсон (Cote de Luzencon) асуы болды. Одан әрі 15-кезеңнің жолдары күрделе түсті. Отыз шақырым ұзап шыққан тұста  велокеруенді  2- категориялы Коль-де-Си (Col de Sie) асуы күтіп  тұрды. Ретін тауып суырылып алға шығып үлгерген кіші-гірім топ, уақыт өте пелотоннан ұзай берді. Жалпы есепте алда келе жатқан Герайнт Томасты ортаға алған Team Sky клубының шабандоздары оларға пысықырып та қарамады. Өйткені олардың арасында Томастың үстіндегі сары жейдеге қауіп төндіре қоятын мықтылар болған жоқ. Оның басты қарсыластары да  белсенділік танытуға асықпады. Бір-бірінен көз жазып қалмауды ойлаған пелотондағылар  араға алпыс шақырым салып, 1- категориялы — Пик-де-Нор (Pic de Nore) белесіне келіп жетті. Градиенті ара-арасында он екі пайыза жететін таулы жолдың ортасына жете бере велокеруен шашылып қала берді. О баста үлкен топтан ұзап шыққан қашқындардың түбіне жеткен де осы белес болды. Бірақ арасынан біздің Магнус Корт табылған кіші-гірім топ сәт сайын мәреге жақындай түсті. Көп ұзамай олардың  да қатары ыдырап, аяғында күші қалған үшеуі мәреге тура тартып кете барды. Міне, сол үштіктің ішінен сытылып шыққан Томас Корт, сөреге бірінші жетті. Альпідегі соңғы екі кезеңде олжа салған «Астана» клубынан, Пиренейде де жеңіс күтеміз!

 

 

 

 

 

Пікір жазыңыз