Қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы (2-0, 1 КО) бүгін колумбиялық боксшы Карлос Галванмен (16-7-1, 15 КО) жұдырықтасады, деп хабарлайды SportX.kz.
Боксшылар матч алдындағы салмақ өлшеу рәсіміне қатысып, жиналған көпшілік алдында бетпе-бет тұрып көз арбасты. Екі боксшының салмағы да белгіленген лимитке сәйкес болып шықты.
Жетісулық саңлақты, қазақ боксының жанашырлары жақсы біледі. Жәнібектің әуесқой бокстағы табысы өз алдына бір төбе. Ел чемпионатында бірнеше жыл билік құрған талабы таудай батырымыз, Алматыда өткен әлем чемпионатында алтын жүлдеге лайық өнер көрсетті. О бастан ауыр соққыларымен ерекшеленетін Әлімханұлы, кәсіпқой боксқа ден қойғалы бері екі жекпе-жек өткізіп, оның екеуінде де қарсыластарын ұрып жықты. 2016 жылдың қазан айында колумбиялық Милтон Нуньесті бірінші раундта-ақ нокаутпен ұтса, былтыр жартылай ауыр салмақта өткен жекпе-жекте бразилиялық боксшы Жильберто Перейрадан айласын асырды.
Талантты боксшы осы жылы аты-шулы америкалық промоутер Боб Арум негізін қалаған, әйгілі Top Rank Promotions компаниясымен келісім шартқа қол қойды. Қазақстан боксы үшін бұл өте қуанышты жаңалық. Әйгілі проумотер әрі іскер Боб Арум басқаратын төрткүл дүниеге танымал компанияның есігін қаға алмай жүрген боксшылар жетіп артылады. Америкалық промоутер осы күнге дейін әлем чемпионы атағы үшін төрт жүзден астам бокс жекпе- жектерін ұймдастырған. Оның ішінде Мохаммед Әли, Мэнни Пакьяо, Флойд Мейвезер, Джордж Форман, Джо Фрезер, Оскар Де Ла Хойя, Хулио Сесар Васкес және басқа да жұлдыздардың қатысуымен өткен титулдық жекпе-жектерге ұйытқы болған.