Айтжановтың Азияға қатысты-жоспары

18-тамыз күні Индонезия астанасы Джакартада жазғы Азия ойындарының жалауы көтеріледі. Бес қаруын сайлаған ұлттық құрамалар бұл күндері алдағы додаға қызу дайындық үстінде. Бокстан Қазақстан ұлттық құрама командасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов Азиадаға қатысты жоспарымен бөлісті, деп хабарлайды SportX.kz.

Алдағы жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрама командасы олимпиада бағадарламасындағы 25 спорт түрінен сынға түседі. Оның ішінде байрақты додаларда мерейімізді асырып жүрген боксшыларымызға деген көзқарас қашанда ерекше.

Айтжановтың командасы бұл күндері орта биіктіктегі таулы белдеуде орналасқан Бокс академиясында дене күшін жетілдіруге арналған оқу-жаттығу жиынын өткізуде. Тау бөктеріндегі  жиын 21 күнге есептелген.

Айта кететін бір жәйт, алдағы жазғы ойындардың бокс бағдарламасы едәуір өзегерістерге ұшыраған. Бұған дейін шаршы алаңдағы бәсекелер он салмақ бойынша өткізіліп келсе, енді олардың саны жетеу. Ең өкініштісі- 81, 91 және 91 келіден жоғары салмақ категориялары бағдарламадан алынып тасталған. Қазақстан құрамасы үшін бұл үлкен минус. Өйткені олимпиадалық ойындардың күміс жүлдегерлері Әділбек Ниязымбетов (81 келі) пен  Василий Левит (91келі) және әлем чемпионатының күміс жүлдегері аса ауыр салмақтағы үмітіміз Қамшыбек Қоңқабаев осылайша Азия ойындарынан шет қалып отыр. Әйтпесе үшеуі де Азиаданың алтынына лайық жігіттер. Сөйтіп жарыс басталмай жатып жоспардағы медальдардан қағылып отырған жайымыз бар.

Бас жаттықтырушы бағадарламадан түсіп қалған үш салмаққа қарамастан, ұлттық құрама жоғары нәтиже көрсетуге дайын дейді. Индонезия шаршы алаңында өнер көрсететін жеті боксшының  алтауы, Азиада сияқты ірі форумда алғаш рет бақ сынағалы отыр. Дегенмен олардың көпшілігі  Азия және әлем чемпионаттарының дәмін татып үлгерген. Сондықтан командалық есепте топ жаратын мүмкіндік бар. Айтқан сөзінің үдесінен шығып жүретін Мырзағали мырза, алдағы Азиададан кемі екі алтын аламыз деп межелейді.

Бас құрамаға іріктелген боксшылар құрамы мынадай:

Ерлер: 49 келі-Теміртас Жүсіпов, 52 келі- Азат Махметов, 56 келі- Қайрат Ерәлиев, 60 келі- Саматәлі Төлтаев, 64 келі-Бекдәулет Ибрагимов, 69 келі- Асланбек Шымбергенов, 75 келі- Әбілхан Аманқұл.

Әйелдер: 51 келі – Назым Қызайбай, 57 келі – Сания Сұлтанкызы, 60 келі– Римма Волосенко

 

 

 

Пікір жазыңыз