АИБА: Серік Қонақбаев — Ғафур Рахимов (екінші раунд)

Халықаралық бокс қауымдастығының (AIBA) вице-президенті Серік Қонақбаевтың спорттық арбитражды сотқа (CAS) түсірген шағымы қанағаттандырылып, отандасымыз ресми түрде президенттікке үміткер ретінде тіркелді, деп хабарлайды  SportX.kz.

Осыған орай кезіндегі қазақ спортының шоқ жұлдызы, өзіндік ойын мәнерімен бокс өнеріне ерекше сән берген Серік Керімбекұлы былай дейді:

«Менің шағымыма қатысты оң шешім қабылдағаны үшін бойынша Лозаннадағы Спорттық арбитраждық сотқа алғысым шексіз. AIBA президенттігіне үміткер атану мен үшін үлкен абырой».

Қазан айының басында АИБА президенттігіне үміткер болып жалғыз Ғафур Рахимов тіркелген. Сол кезде екінші үміткер Серік Қонақбаев ұлттық федерациялар тарапынан жеткілікті  дауыс жинай алмаған болатын. Осыған байланысты Қонақбаев CAS шағым түсірген. Онда Серік Керімбекұлы өзіне қолдау білдірген 20 елдің өкілдері қолдау хаттарын кешіктіріп бергендерін алға тартқан.

2017 жылы қарашада AIBA-ның тәртіп жөніндегі комитеті Чинг-Куо Вуды ұйым президенттігінен уақытша шеттеу туралы шешім қабылдаған. Халықарылық ұйымның уақытша президенті қызметін үстіміздегі жылдың басынан бері өзбекстандық Ғафур Рахимов атқарып келген.

Көп ұзамай Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) этика жөніндегі комиссия төрағасы Пакеретт Жирар Заппелли, АИБА президенті Ғафур Рахимовтан орнын босатуды талап еткен еді.

Inside the Game басылым таратқан ақпаратқа сүйенсек, Пакеретт Жирар Заппелли, егер Рахимов АИБА (Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының) президенттігіне өзін ұсынған жағдайда бокстың Токио олимпиадасы бағдарламасынан алынып тастау қаупі арта түсетінін мәлімдеген.

Халықаралық бокс ұйымының сайлауы 3-қараша күні Мәскеуде өтетін конгресс барысында өтеді.

Пікір жазыңыз