Шайбалы хоккейден Қазақстан жастар құрамасы Канадада Виктория университетінің командасымен жолдастық матч өткізіп, ірі есеппен жеңіске жетті, деп хабарлайды SportX.kz.
26- желтоқсан күні Ванкуверде шайбалы хоккейден элиталық дивизионды құрайтын Жастар құрама командалары арасында әлем чемпионаты басталады. «В» тобынан табылған еліміздің жас хоккейшілері алдағы сында Финляндия, Словакия, Швеция және АҚШ құрамаларымен күш байқасады.
Жауапты сын алдында еліміздің жастар құрамасы Канаданың студенттік клубтарымен бірқатар жолдастық кездесулер өткізгенді жөн көріпті. Чемпионатқа дайындық есебіндегі алғашқы матчта қазақ жастары Виктория университетінің Vikes клубынан алда болды. Жаттығуда жүргендей еркін ойнаған Қазақстан құрамасы алғашқы үзіліске дейін алаң иелерін екі рет қапы қалдырды. Дәл осылай өрбіген екінші кезеңде жергілікті студенттер клубы тағы бір шайба жіберіп алды. Шешуші кезеңде шабуылды бәсеңдеткеніміз сол екен канадалықтар Еремеев қорғаған қақпаны екі рет дәл көздеді. Дегенмен тағы үш шайба соққан хоккейшілеріміз 6:2 есебімен айқын жеңіске жетті.
Қазақстан құрамасы сапында бүгінгі бәсекеде Артур Гатиятов, Самат Данияр, Давыд Макуцкий, Олег Бойко, Саян Данияр және Айдос Жорабек мергендік танытты.
14 желтоқсан күні Қазақстан жастар құрамасы Trinity Western University «Spartans» клубымен кездеседі.