Головкин-Альварес: Үшінші жекпе-жек бола ма?

Қазақстандық Генадий Головкин (38-1-1, 34 КО) мен мексикалық Сауль»Канело» Альварес (50-1-2, 34 КО) арасындағы тартысқа әлі нүкте қойылмаған сыңайлы. Головкиннің жаттықтырушысы Абель Санчес BoxingScene.com порталына берген сұхбатында екі боксшының келесі жылдың мамыр айында қайта кездесетінін айтқан, деп хабарлайды SportX.kz.

«Ер кезегі үшке дейін» демекші, Генадий Головкин тәуекелге бел буған сияқты. Кеше ғана аяқталған қарымта матчтан кейін іле-шала үшінші жекпе-жекті жоспарлау мүмкін асығыстық та болар. Бірақ әлі де болса ойланып толғануға уақыт жетеді.

16- қыркүйек күні Лас-Вегастағы  T-Mobile ( Невада штаты, АҚШ) екі боксшы өзара екінші рет кездесті. 12 раундтық жекпе-жектің нәтижесі бойынша ұпай санымен мексикалық Сауль «Канело» Альварес жеңіске жетті. Осыдан бір жыл бұрынғы талас тудырған алғашқы бәсекеде таразы басы тең түскен еді. Не керек қарымта матчта жолы болған Альварес біздің Генаның беліндегі чемпиондық белбеулерді түгел тартып алды. Қарымта бәсеке соңынан екі жақ  үшінші  рет күш сынасуға дайын екендіктерін білдірді.

Бұрын-соңды жеңіліп көрмеген боксшының жағдайын түсінуге болады. Бір күн ішінде жиған-терген атақ даңқынан айырылып қалу оңай емес. Осы жағынан алып қарағанда Головкин мен оның командасына үшінші жекпе-жек керек -ақ. Оның үстіне бокс сүйер қауымға да керегі осы емес пе. Ал, ұйымдастырушылар үшін Альварес-Головкин теке-тіресі өз құнын жоғалтпайтын һәм таптырмайтын қаржы көзі болып қала беретіні сөзсіз. Кем дегенде тағы бір-екі жыл көлемінде осылай қалады десек қателеспеспіз. Сондықтан сіз бен біз үшінші жекпе-жекті асыға күтетін оламыз. Онсыз да күтуден жалықпайтын болып алдық қой.

Пікір жазыңыз