18 жасар италиялық Летиция Патерностер «Астана» велокомандасына жеңіс әкелді

«Астана» әйелдер велокомандасының намысын жыртып жүрген он сегіз жасар италиялық шабандоз Летиция Патерностер, римдік «классика» GP Liberazione Pink додасында топ жарды, деп хабарлайды SportX.kz.

Астананың өкілі мәре алдындағы бәсекеде өзімен үзеңгі қағыса жарысқан отандасы һәм өте тәжірибелі шабандоз Джулио Конфалоньериді (Valcar) және литвалық Расу Лелейвитенің (Aromitalia Vaiano) алдын орап кетті. Нәтижесінде 18 жасар шабандоз өзінің әлемдік рейтингтегі есебіне 40 ұпай жазды. «Астана» клуб сапындағы жерлесіміз Махаббат Үмітжанова да мәртебелі жарыста өзін жақсы қырынан көрсете алды. Римдік «классиканың» қорытындысы бойынша Үмітжанова алғашқы үздік он бестің қатарынан көрінді.

Летиция Патерностер Астана

Естеріңізге сала кетейік, Летиция Патерностер (Astana Women’s Team) клубымен келісім шартқа қол қойғанына көп бола қойған жоқ. Дәлірек айтсақ италиялық бойжеткен отандық клуб сапына өткен жылдың соңында қосылды. Римдегі «классика» Летицияның кәсіпқойлар арасындағы үшінші жарысы ғана. Жастығына қарамастан оза шауып бәйге алып жүрген Летицияның болашағына, Италия елі үлкен үмітпен қарайды. Соңғы екі жыл ішінде талабы таудай шабандоз, трек пен шосседегі Әлем және Еуропа чемпионаттарынан Италия қоржына он жеті жүлде салып берген.

Пікір жазыңыз