Жансаядан жағымды жаңалық күтеміз

Қазақстандық гроссмейстер Жансая Әбдімәлік әлем чемпионатының ширек сынына өтті. Ресейдің Ханты-Мансийск қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатының 1/8 финалында Жансая украйналық Мария Музычуктен басым түсті деп, хабарлайды SportX.kz.

Алматылық 18-жасар шахматшы Югра төрінде әлемнің 2015-жылғы чемпионы Мария Музычуктің алдын орап кетті. Бұл қалың қазақ елі үшін үлкен қуаныш. Сондай-ақ 1/8 финалдың бірінде ресейлік Екатерина Лагно қытайлық Лэй Тинцзеден мерейін асырса, өзбек қызы Гулрухбегим Тохирджонова мен қытайлық Цзюй Вэньцзюнь және ресейлік Александра Костенюк пен украйналық Анна Музычук өзара тең ойнады.

Классикалық шахматтың екінші ширек финалдық партиялары бүгін ойналуда. Егер екі кездесудің нәтижесі тең аяқталса, онда жартылай финалда өнер көрсететін үміткерлерді анықтау үшін тай-брейкке жүгінуге тура келеді. Тай-брейк бәсекелері 14- қарашаға жоспарланған.

 

 

Пікір жазыңыз