Шахматшыларымыз қарсыластарын шаң қаптыруда

Гүржі елінің Батуми қаласында 43- Бүкіләлемдік шахмат Олимпиадасы жалғасуда. Бүгін Қазақстанның ерлер құрамасы Армениямен кездеседі, деп хабарлайды SportX.kz.

Сапында Мұртас Қажғалеев, Петр Костенко, Әнуар Есмағамбетов және Денис Махнев өнер көрсеткен Қазақстан құрамасы Батумидегі алғашқы сынақта Пуэрто-Рикодан алда болды. Есеп-4:0. Беташар матчқа ұлттық құраманың лидері Ринат Жұмабаев қатысқан жоқ.

Бүгін қазақ шахматшылары байрақты додаға сегізінші нөмірмен түскен Армения құрамасымен күш байқасып көреді. Қарсыластарымыздың сапында Бүкіләлемдік шахмат Олимпиадасы мен әлем біріншіліктерінде олжа салып жүрген Левон Аронян (2780 Эло) және Грант Мелкумян (2660) сынды танымал шахматшылар бар.

Сингапурлік шахматшылармен кездескен еліміздің әйелдер құрамасы да жарысты сәтті бастады. Жансая Әбдумәлік (2482), Гүлмира Даулетова (2263) және Әсел Серікбай (2125) өз партияларында жеңіске жетті. Ал Гүлісхан Нақбаева қарсыласы Эммануэль Хонг Мей-Инмен ұпай бөлісті. Бүгін біздің қыздар Перу құрамасымен кездеседі.

Грузияда жалауын көтерген Бүкіләлемдік шахмат Олимпиадасында 189 мемлекеттің ерлер және әйелдер құрама командалары бақ сынасуда.

 

 

Пікір жазыңыз