Гүлісхан мен Жансая жеңіске жетті

Грузияның Батуми қаласында Бүкіләлемдік  шахмат Олимпидасы жалғасуда. Кезекті ойын күні еліміздің әйелдер құрамасы Литвамен ұпай бөлісті,  деп хабарлайды SportX.kz.

Қарсыластар бір-біріне сай болып шықты. Біздің команда сапынан Динара Сәдуақасова мен Гулмира Дәулетова жеңіліс тапса, Жансая Әбдімәлік пен Гүлісхан Нахбаева қарсыластарынан алда болды. Есеп -2:2. Бүгін біздің арулар Аргентина құрамасымен кездеседі.

Алты турдан кейін Қазақстан әйелдер құрамасы қазіргі рейтинг кестеде оныншы орыннан он төртінші орынға сырғыды. Әзірге АҚШ, Грузия және Армения құрамалары көш бастап келеді. Биылғы жарыстың бас фавориті саналған Ресейдің жағдайы мәз емес. Солтүстіктегі көршілеріміз  24-орында.

Еліміздің ерлер құрамасы осы күні 2,5-1,5 есебімен Илсандиядан басым түсті. Ринат Жұмабаев пен Денис Махнев өздеріне қарсы ойнаған исландықтардан алда болса, Әнуар Есмағамбетов пен Мұртас Қажғалеев бұл жолы қарсыластарымен тең ойнады. 27 орында келе жатқан Қазақстан құрамасы бүгін словакиялықтармен күш байқасады. .

 

Пікір жазыңыз